YouTube Facebook RSS Reset

Орыс халық музыкасы

Орыс халық музыкасы – орыс халқының дәстүрлі музыкасы, фольклордың маңызды бөлігі. Орыс халық музыкасының түп тамыры ІХ ғасырдағы Киев Русі пайда болмай тұрып, Русь территориясында мекендеген шығыс славян тайпаларының шығармашылығында жатыр. Бұл музыканың көне түрін кейбір археологиялық қазба деректер арқылы, тарихи мәліметтер мен кейбір ән фольклорында сақталған белгілерге қарап тек болжам ретінде ғана айтуға болады. Көне орыс мемлекеті пайда болғанға дейін халық әндері отбасылық және қоғамдық ортада маңызды мәнге ие болды. Түрлі музыкалық аспаптар таныла бастады. VI ғасырда гусли славяндардың сүйікті аспабына айналды. Ежелгі Русь жерінде халық арасынан әнші-сайқымазақ- скоромохтар – елді аралап ән айтып, жұрттың көңілін көтеретін адамдар шықты. Олар әрі әнші, әрі әртіс еді. Гусли аспабында орындаушыларды – гусляр, гудошник, үрмелі аспаптарда ойнаушыларды – свирцы деп атады.

Ең көп таралғаны пұтқа табынғанда жасалатын жоралғылармен байланысты болып келген салттық фольклор болды. Халық арасында пұтқа табынатын салт шіркеудің тарапынан үлкен сынға алынса да жалғаса берген. Бұл Х ғасырдың соңында христиан діні келгеннен кейін де, тіпті ХVІІ ғасырда шіркеу мен мемлекеттің тарапынан халықтық ойындар мен әндерге (бесовский) қарсы жарлықтар мен грамоталар қабылданған уақытқа дейін болған.
Негізгі жанрлар
Халық музыкасының негізгі жанрларына күнтізбелік салттық әндер, үйлену той әндері, эпикалық, билейтін, лирикалық деген түрлерге бөлуге болады. Халық музыкасы аспаптық болғаннан гөрі көбірек өлеңдік болып келді (орыс музыкалық аспаптарына шіркеудің тыйым салғандығы ықпал еткен болуы мүмкін). ХІХ ғасырдың ортасында частушка атты жаңа жанр пайда болды.
Дәстүрлі аспаптар
Фольклордағы халық аспаптары әдетте малшылардың тұрмысында немесе кейбір билер мен әндердің түрлерінде қоланылады. Ең көп тарағандары: ішекті (балалайка, гудок, гусли), үрмелі аспаптар (дудка, жалейка, рожок, кугиклы немесе флейта Пана). Жылнамаларда әскери трубалар, аңшылық мүйіздер, бубналар туралы айтылады. Орыс музыкасымен байланыстырылып жүрген баян (гармонь), мандолин, жеті ішекті гитара Россияда салыстырмалы түрде кеш пайда болған (ХІХ-ХХ ғасырларда).

Балалайка – 3 ішекті, домбыра тәрізді, көлемі жағынан кішкене, шанағы үшбұрыш
Гармонь – тілді, баян тәрізді аспап.
Треугольник – үшбұрышты ұрмалы аспап.
Бубен – ұрмалы, сылдырмақ аспап.
Трещетка – ағаштан жасалған ұрмалы аспап.
Свирель – сыбызғы тәрізді, үрмелі аспап.
Маракастар – ұрмалы, қасық аспаптар.

ӘДЕБИЕТТЕР:

Земцовский И. И. Народная музыка // Музыкальная энциклопедия: в 6 т. / Под ред. Ю. Келдыша. — М.: Советская энциклопедия, Советский композитор, 1976. — Т. 3 (Корто—Октоль).
Келдыш Ю. В. Русская музыка // Музыкальная энциклопедия: в 6 т. / Под ред. Ю. В. Келдыша. — М.: Советская энциклопедия, Советский композитор, 1978. — Т. 4 (Окунев—Симович).

Әзірше пікірлер жоқ.

Пікір қалдыру