YouTube Facebook RSS Reset

Сайт пен блогтың айырмашылығы

     Не нәрсені үйренсең де ықпыл-жықпылын білетін өз ана тіліңде үйренгенге жетпейді ғой. «Сайтты қалай жасаймын?» деп алдымен қазақ тілінде ғаламтордан іздеп көрдім. Іліп алатын ештеңе таппадым. (Мендегі жағдай көптің де басынан өтті деп ойлаймын) Қазақ ғаламтор әлемінің дамымағандығы қатты қынжылтады. Интернетке кіріп, іздеген сұрағыңды тек орыс тілінен табасың. Қазақша айдалаға лағып кеткен тақырыптар шығады. Бұл – елдің ғаламтор туралы білімінің жоқтығының кесірі.

    Біздің кезімізде, 90-ыншы жылдары ЭЕМ-кабинетіне кіріп, сабақ оқымақ түгілі, компьютерлерді ұстап көру арман болатын. Кәсіби маманның жоқ болғандығынан ба, әйтеуір «Бұзып тастайсыңдар!» деп, кабинетке тіпті ЭЕМ сабағын өтпек түгілі кіргізбейтін де. Қазір заман өзгерді, техника жыл санап дамуда. Енді міне біздің қазақ та көштің соңынан ақырындап ілесуде. Ғаламторды пайдаланып үйренген соң, кім болса да ақпараттың жылдам тарауын немесе өз қажеттілігі мен жеке бизнесін дамытуды ойлай бастайды. Ғаламторға кіреді де, казақша тереді, жартымды мағлұмат таппайды.

    «Сайтты қалай жасаймын?» деген тақырыпты қозғауымның себебін енді түсінген боларсыз. Мен кәсіби маман емеспін. Дегенмен ғаламтор әлемінен үйренгенімді көппен бөлісуге дайынмын!

   Алдымен сайт деген не, блог деген не, ажыратып алайық. Құрылымы жағынан екеуі де бірдей деуге болады. Айырмашылығы – мазмұнында. Блогты жеке адамның өз пікірі мен ойын көпшілікпен бөлісетін ғаламтордағы күнделігі деуге болады. Блог – белгілі бір адамның шығармашылық жұмысының нәтижесі.  Ал сайтты бірнеше адам біріге отырып жасайды немесе керісінше жалғыз адам болуы мүмкін. Сайт арқылы белгілі бір бизнес түрін өркендетеді және үлкен сайттардың ішіне бірнеше блогтар кіріктіріледі.  Сайт жасау жеке бизнесіңізді оңтайлы әрі жылдам дамытудың көзі болып саналады. Көпшілікпен қарым-қатынас жасауға арналған, комментарийлер, форумдар екеуінде де болады. Әсіресе блог онсыз бола алмайды. Блог жасаушылар өзіне көп адам жинағанға құмар келеді. Оның пайдасын блогына жарнаманың құнын қымбаттатқаннан көреді.

    Жоғарыда айтып өткендей сайттың ішінде бірнеше блогтар бола береді, ал блогтың ішінде бірде-бір сайт бола алмайды. Осыны ескерсеңіз блог пен сайттың құрылымындағы өзгешелікті байқайсыз. Енді сайт ашып тастамас бұрын оның атын (домен) таңдаймыз, сосын оның ғаламторда тұратын орнын (хостинг) таңдаймыз. Домен мен хостинг мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Сонымен блог ашасыз ба, әлде сайт ашасыз ба таңдау өзіңізде!

Авторы: Лира

Әзірше пікірлер жоқ.

Пікір қалдыру