Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтілетінін айтқан болатын. Осы орайда, өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызына тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғыртуда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы табысты іске асырылып жатқанын мәлімдеген еді. Осы жоба аясында Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көргенін, оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналғанын айтты.
Бүкіл ұлтымыз мақтан тұтатын қаһарман майдангерлердің қатарында батыр жерлесіміз, Түркістан қаласының іргесіндегі Сауран ауданы, Иқан елді мекенінің ең көнекөз қариясы Зәкір Мұсаев ақсақал да бар. Жаңа жылдың 1 қаңтарында жасы 100-ге толатын ардагер ағамыз, 1943 жылы 18 жасқа толған бойда, Түркістан қалалық әскери комиссариатына келіп, өз еркімен соғысқа сұранады. Әскери дайындықтан өткен соң, Украинаның Житомир аймағын жаудан азат ету шайқастарына қатысып, фашистік Германия жеріндегі соғыс қимылдарының белсенді қатысушысы болған. Майдан шебінде жүріп екі мәрте жарақат алса да, ұрыс даласын тастап кетпей, жауынгерлер қатарына қайта қосылған.
Жеңістің туы желбіреген сәттен бастап, Зәкір ақсақал 1950 жылға дейін Германия жеріндегі Кеңестік әскери коммендатура құрамында үкімет кеңселерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Дрезден қаласында Ангигитлерлік коалиция елдерінің басшылары өткізген кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтуға жұмылған әскери құрамның қатарында болған. Даңқты жерлесіміз туған елге оралған соң, халық шаруашылығы саласында көп жылдар бойы еңбек етіп, мемлекет қуатын арттыруға маңдай тері сіңді.
Қарт майдангерді өміріндегі маңызды тарихи белесімен құттықтауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбеәлиев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Түркістан облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің және осы құрылымның Түркістан қаласы бойынша басқармасының өкілдері, Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің жетекшілік құрамы арнайы келіп, сый-құрметтерін көрсетті.
Айта кету керек, партияның Түркістан облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы шеңберінде аға буын өкілдерін үнемі қамқорлыққа алып, қолдауын көрсетіп келеді. Бұл бағытта қарияларға мерекелік құттықтаулар ұйымдастырып, аға буын өкілдерінің қатысуымен ұлттық дәстүрлер мен, тәлім-тәрбие жүйесін жаңғыртуға қызмет ететін байқаулар, тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өткізіліп тұрады. Жалғызілікті қарияларға үй шаруасында көмек көрсетуге «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері жұмылған. Үлкенге құрметке негізделген ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғауда осы мазмұндағы іс-шараларымыз алдағы уақытта да үздіксіз жалғасын таба беретін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі