Құрметті жерлестер!
Сіздерді баршамыз ақ үмітпен қарсы алатын, өмірдің жаңа белесін белгілейтін ғажап сәт – Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін табысты, ұлтымыздың рухани шамшырағына баланған Түркістан өңірі үшін жемісті жыл болды деп зор сеніммен айта аламын. Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан терең саяси-экономикалық реформалар нәтижесін берді, Түркістан облысы көптеген экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардағы өңірге айналды.
Үлкен саяси науқан – АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумға Түркістан облысының дауыс беру құқығына ие азаматтарының 75 пайыздан астамы қатысып, елдің болашағына байланысты мәселеде белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Сондай-ақ 2024 жыл «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінде талқыланған жыл ретінде тарихқа еніп отыр.
Облыс әкімі бір жыл ішінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгеге жеткенін айтты. Инвестиция саласында да қарқынды өсім байқалып, өңір экономикасына тартылған инвестициялардың көлемі де 1 трлн. теңгеден асатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жаңа буындағы технологиялардың келуіне мүмкіндік беріп, Түркістан өңірінде шығарылған тауарлардың сапасын жаңа деңгейге шығаруға жол ашты. Ауыл шаруашылығында өңдеу өнеркәсібінің дамына, шығарылатын құрылыс материалдары түрлерін көбейтуге, тұрмыстық химия, мұнай өңдеу, азық-түлік өндірісі секілді салаларда іргелі қадамдар жасалды. Заманның заңғар талабы – цифрлы технологиялар желісін ұлғайту бойынша батыл бастамалар көтеріліп, ауқымды жұмыс басталды.
Білім беру саласында алғашқы «Жайлы мектептер» пайдалануға беріліп, облысымызда үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешудің кешенді жоспары іс жүзінде орындалып келеді. Таза уыз сумен қамтылған, газбен жабдықталған ауылдардың саны артты. Елді мекендерде мектептер мен қатар замануаи медицина нысандары, спорт кешендері, мәдениет үйлері пайдалануға беріліп, тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселелері жүйелі шешімдерін тапты.
Көріп отырсыздар, ауыз толтырып айтатын атқарылған істер ауқымды. Бұл өзгерістер қалалар мен ірі елді мекендерде ғана емес, шалғайда жатқан ауылдарды ды қамтып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Атқарушы билік болып табылатын әкімдіктер, өкілді тармақ – депутаттар және азаматтық қоғам өкілдері – партиялар күш біріктіріп, атқарған жұмыстарының нәтижесі осындай.
Еңбекқор халқы, ынтымағы жарасқан жұрты бар тұғырлы өлке Түркістан үшін кіріп келе жатқан 2025 жыл да табысты болады деген сенімдемін. Несібесін адал еңбекпен тауып, маңдай терімен ел ырысын арттырған, бірлігімен берекесін тасытқан өлкенің тұрғындарына 2025 жыл – шаруаға жайлы жыл болуын тілеймін! Үздіксіз алға ұмтылуға жігер беретін Жаңа жыл әрбір қазақстандық шаңыраққа құтымен келсін! Осы жылы қолға алған бастамаларымыз баянды болсын, арман-мұраттарымыз орындала берсін! Қазақ елінің жетістіктері көп бола берсін!
Ізгі ниетпен,
Алтынсары Үмбетәлиев, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы