Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев және Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Сарыағаш ауданындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысып, аудандағы іскерлік ортаның өзекті мәселелерін тыңдады.
Парламент өкілдерінің аудан жұртшылығымен кездесу жиындарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық және Сарыағаш аудандық мәслихаттарының фракция депутаттары қатысты.
Мәжіліс депутаттары мен облыстық мәслихаттың өкілдері жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы саласындағы бірегей жоба — «Agro Tur» шаруа қожалығының өнеркәсіптік жылыжай кешенімен және Түркістан өңірінің тамақ өнеркәсібіндегі маңызды кәсіпорын — «Бәйтерек — Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер цехының өндірістік әлеуетімен танысты.
Ауданның аграрлық саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы «Agro Tur» шаруа қожалығының жұмысымен танысу барысында кең мазмұнда айтылды. Жібек жолы ауылдық округі, Зортөбе елді мекенінде кәсіпкер Тұрсын Тасходжаевтың 2 гектарды алып жатқан өндрістік жылыжай кешені – инновациялық жоба болып табылып, мұнда ең үздік агротехнологиялар негізінде жылына 12 млн. дана экологиялық таза көкөніс және гүл көшеттері өсіріліп, нарыққа шығарылады. Сондай-ақ жылыжай кешенінде жоғары сұрыпты қызанақ, қияр сынды әлеуметтік маңызы бар көкөніс түрлерімен қатар, банан, папайя сынды экзотикалық өнім түрлері, гүлдер өсіріліп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отыр.
Агроқұрылымның тыныс-тіршілігін баяндаған шаруашылық қожалықтың құрылтайшысы мен Қазақстан Республикасы жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев, тәжірибе жүзінде іске асып жатқан жобаның экономикалық және экологиялық тиімділіктері, инновациялық жаңашылдықтары жөнінде мағлұмат берді. Ішкі нарықты экологиялық таза өніммен қамтудағы басымдықтарды айта отырып, осында өсіріліп отырған голландиялық гүл түрлерін Өзбекстанға экспортқа шығарылып отырғанын жеткізді. Аграрлық саладағы инновациялық тәсілдердің кең өріс алуын қолдауда Қазақстанда бұрын-соңды өсіріліп, жерсіндірілмеген өсімдік түрлерін көбейтуде тұқымбақ шаруашылықтарын субсидиялау мәселесін көтерді. Сондай-ақ көмір жеткізуші ұйымдар жылыжай қажеттіліктері үшін қатты отын бөлуде, көмірдің жалпы салмағындағы жоғалған бөлігін кәсіпкерлердің есебінен түгендейтінін айтып, шағымын білдірді. Депутаттардан осы мәселені реттеуге көмек беруді сұрады.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Парламент өкілдерінің Сарыағаш ауданынан келіп, жылыжай иелерімен мақсатты кездесу өткізіп жатқанын айтты. «Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партияның Сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатында Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарларының бірінде жылыжай шаруашылықтарына мемлекеттен субсидия бөлу мәселесін қайта қарастырылатынын айтқан болатын. Партия өз уәдесін орындады. Партия атынан сайланған депутаттар Үкіметке осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдап, қазір жылыжай шаруашылықтары субсидия алатын болды. Бүгінгі жиында жылыжай иелерімен кездесу өткізіп, салаға қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Айтылған ұсыныстардың бәрі тиісті министрліктерге жеткізіліп, зерделенетін болады, қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін де қарастыратын боламыз», — деді Қайрат Рахымұлы.
Парламент депутаттарының жергілікті тұрғындармен кездесу жиыны әрі қарай Сарыағаш қаласындағы «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-нің өндірістік алаңында жалғасты. Бұл кәсіпорын «ЮжКонд» сауда белгісімен кептірілген нан өнімдерінің, печеньенің және қант қосылған кондитерлік өнімдердің 70-ке жуық түрін шығарып, еліміздің тамақ өнеркәсібі саласында орнықты дамуға бет алған компанияның бірі саналады. Жылына 960,0 тонна дайын өнім шығаратын бұл кәсіпорын сапалы кондитерлік өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Әзербайжан Республикасының нарығында да өз орнын алып үлгерген.
Мәжіліс депутаттары аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жергілікті кәсіпкерлермен нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару мүмкіндіктерін кеңейту, ішкі өндірістік әлеуетті арттыруға жол ашу, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету және ауданда экспортқа бағытталған жаңа өндіріс орындарын ашуда кездесетін жүйелі проблемалық мәселелерді талқылап, қарастырды. Жергілікті тұрғындармен кездесуде отандық тауар өндірушілерді қолдауда ішкі нарықты сырттан келетін ауыл шаруашылық өнімдерінен қорғау жүйесін қалыптастыру, транзиттік көліктер үшін Сарыағаш қаласының сыртынан өтетін айналма жол салу, тағы да басқа маңызды ұсыныстар айтылды.
Айта кету керек, Түркістан облысында 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласында 1 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, республикада алдыңғы қатарға шықты. Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, өткен жылы 44,6 млрд теңгеге 34 жоба жүзеге асып, 263 жұмыс орны ашылды.
Партияның беделіне айналған «Жер аманаты» жобасы аясында, 50,4 мың гектар жерді ортақ жайылымға қайтару жоспарланса, нақтылы 62,8 мың гектардан астам жайылым жер қоғам игілігіне қайтарылып, жоспар 124,7%-ға орындалды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында, 2023 жылы берілген несиелердің қайтарымы 1,6 млрд. теңгені құрады. Оның 1,1 млрд. теңгесіне 142 жоба қайта қаржыландырылды. Жобаны жалғастыруға 62 ауылдық округ және 62 кооператив белгіленді.