«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі бекіткен жұмыс кестесі бойынша бүгін Түркістан облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың қатысуымен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Басқарма басшысының қабылдауына келген азаматтар негізінен әскери міндеттілік саласына қатысты сауалдармен жүгініп, жауаптар алды.
Басқарма басшысының қабылдауына жазылған Жетісай қаласының тұрғыны Ильхам Жасұзақов, салалық мемлекеттік атқарушы орган жұмысының мақсаттары мен міндеттерін сұрай отырып, әскерге шақырушыларды қоғамдық орындардан еркінен тыс алып кету жағдайларының қаншалықты заңды екенін сұрады. Қойылған сауалға жауап берген басқарма басшысы, Түркістан облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру қызметін үйлестіру, әскери құрылымдармен өзара әрекет ету және өз құзыреті шегінде әкімдік жанындағы консультативті-кеңесші органдардың қызметін жүзеге асыру міндетін атқаратынын атап өтті.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру талаптарын түсіндіре отырып, жасы 18-ден 27 жасқа дейiнгi аралықтағы, әскерге шақыруды кейiнге қалдыру немесе шақырудан босату құқығы жоқ ер азаматтардың барлығы мерзімді әскери қызметке шақыруға жататынын айтты.
Осы мәселе бойынша қоғамдық қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны Жайсанкүл Мұсаеваға әскери қызметтен ақылы өту талаптары түсіндіріліп берілді. Заңда белгіленген тәртіппен ақылы түрде әскери дайындықтан – жасы 24-27 жас аралығындағы азаматтар, денсаулығы жарамды, әскери міндетін атқаруды кейінге шегеру құқығына ие азаматтар өтетіні айтылды. Түрлі себептерге байланысты әскерге бара алмай қалған азаматтар 1 жылдың бағдарламасын 40 күнде үйрететін әскери техникалық мектептен дайындықтан өтіп, әскери билет ала алатыны хабарланды.
Басқарма басшысының қабылдауына онлайн форматта хабарласқан Түлкібас ауданының тұрғыны Эльмира Смаилова Түркістан облыстық жинақтау бекетінде, мерзімді әскерге шақырылған ұлы мопедтің техникалық құжатын жоғалтып алғанын айтып, оны қалпына келтіруге көмек беруін сұрады. Кентау қаласынан хабарласқан Махаббат Мылтықбай 4 қыз 1 ұлды жалғыз өзі жетілдіріп отырғанын түсіндіре отырып, үйінің жалғыз асыраушысы болып отырған 20 жастағы ұлының мерзімді әскерге шақырылуын кейінге қалдыру немесе шақырудан босату мүмкіндіктерін сұрады. Бұл екі мәселені де басқарма басшысы жіті бақылауына алып, құқықтық негізде шешу мүмкіндіктерін қарастыратынын жеткізді.
Сондай-ақ тікелей эфир арқылы өткен қоғамдық қабылдауда, азаматтардан мерзімді әскер қатарына шақыру мәселелері бойынша сауалдар қойылып, жауаптар берілді.