Абай облысында ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты – Аягөз жаңа темір жол желісінің құрылысы басталды. ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің 2023 жылғы 21 желтоқсанда мәлімдеуінше, жоба президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.
«Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған», – делінген хабарламада.